Шымкенттегі дәмханалардың бірінен өрт шықты. Әль-Фараби ауданы, Б.Момышұлы даңғылы мекен-жайындағы ғимараттың екінші қабатында орналасқан қоғамдық тамақтану орны жанып кетті. Зардап шеккендер бар ма? Шынар Әуелбай айтсын.
ШЫНАР ӘУЕЛБАЙ, ТІЛШІ
Оқиға 11 мамыр шамамен кешкі сағат 8-ден асқанда басталған. Төтеншеліктер оқиға орнына жеткен сәтте екінші қабатындағы дәмхана шатырының ағаш конструкциялары жанып жатқан. Өрт сағат 9-дан 48 минут кеткенде оқшауланып, 21:57-де толықтай 250 шаршы метр алаңда сөндірілген. Абырой болғанда адам шығыны жоқ.
СЕРГЕЙ ОГАЙ , ТЖД БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ, ҚОРҒАУ ПОЛКОВНИГІ
8-ден 47 минут кеткенде Әль-Фараби ауданы, Момышұлы -6 көшесінде орналасқан Мизам дәмханасы өртке оранды деген шақырту түсті. Жедел әрекет етудің нәтижесінде 240 квадрат метр болатын шатырды өрттен ауыздықталдық.
ШЫНАР ӘУЕЛБАЙ, ТІЛШІ
Оқиға орнына Шымкент қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің 67 жеке құрамы және 13 техника, сондай-ақ Апаттар медицина орталығының 1 бригадасы жұмылдырылды. Әзірге өрттің нақты себебі анықталған жоқ. Айта кетейік, Шымкент қаласы бойынша, кейінгі жарты жылда өрт оқиғасы бойынша 125 дерек тіркелген.