21 мамырдан кәсіп бастау үшін қайтарымсыз грант алуға өтініш қабылдау басталады. Мөлшері 400 АЕК болатын «Бастау бизнес» жобасының алғашқы легінде республика бойынша 4500 адамға беру жоспарланып отыр.
Кәсібін жаңадан бастағандар үшін бұл зор көмек. Өндірісті жолға қойып, оны дамытуға, сол арқылы тұрақты табыс табуға мүмкіндік ашылады. Оған мүгедектігі бар, "қандас" мәртебесі бар адамдар, өңіраралық қоныс аударушылар, аз қамтылған отбасы мүшелері, көпбалалы отбасылар, мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырғандар, асыраушысынан айырылу бойынша жәрдемақы алушылар үміткер бола алады. Айта кетейік, өтінім беру онлайн түрде жүзеге асырылады. Ал интернет немесе компьютерді қолдану мүмкін болмаған жағдайда халыққа қызмет көрсету орталықтарына барып өтінім тастауға болады.